• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:18:04
Алматы
+12°

Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев 18 жыл түрмеде отырған ақын, диссидент, оппозиционер Арон Атабектің өліміне қатысты пікір білдірді. Ақпаратты Азаттық  радиосы сайты мәлімдеді.

– Арон Едігеев 2019 жылдан бастап барлық медициналық тексеруден бас тартты. Кейінгі кезде арықтай бастағаны байқалды. Жыл басынан бері Ұлттық превентентивті механизм, қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдерін, сырттан дәрігерлер шақырдық. Олар да дәрігерге қаралудың маңызды екенін түсіндірді. Туыстарына да айттық. Дәрігерге қаралу, қаралмау кез-келген адамның конституциялық құқығы. Дәрігерге қаралуға зорға келісті. 22 қыркүйекте Павлодар қаласының N1 ауруханасына жатқызылып, диагноздары анықталды. 1 қазанда Павлодар қаласының сот шешімімен жаза мерзімі қысқартылып, босатылды. Сол күні әпкесі келді. Медицина қызметкерімен бірге Алматыдағы үйіне дейін жеткізілді, – деді Мейрам Аюбаев.

Арон Атабек 24 қарашада сағат кешкі 8 шамасында қайтыс болған. 26 қараша күні халық диссидентті ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның мүрдесі Бағанашыл зиратына қойылады.

Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған. Ақын бұған қарсылық танытып, өзін толық ақтауды талап еткен.

5 қазан күні белсендінің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Кейін Атабектің ауруханаға жатудан бас тартқаны белгілі болды. Артынша ол үйінде жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатқаны хабарланды.

Артынша Арон Атабектің денсаулығы нашарлап комаға түскені, жеке клиникада жатқаны хабарланған. Ұзамай беті бері қарағаны туралы ақпарат шыққан.

Арон Атабек 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Ол 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот Атабекті "Шаңырақ" оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің өліміне айыпты деп таныған.

Кей белсенділер ақынның түрмеден босатылуын "билік Арон түрмеде өліп қалды деп жаман атты болмас үшін босатты" деп түсіндіреді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Арон Атабек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір